Сайт туралы

www.it-tirlik.kz – Жаңа технология туралы ақпараттық-танымдық журнал

Әзірше онлайн нұсқасы жарық көруде. Қазіргі таңда ҚР Мәдениет және Ақпарат Министрлігінде тіркеуден өткен. 2012 жылдан бастап жарық көруде.

Сайт иесі: Тимур Бектұр, ІТ-маманы, блоггер

Мақсаты: ХХІ ғасырдың жаңа технология ғасыры екендігіне дау жоқ. Интернеттің күнделікті өмірімізге дендеп енуі,  интернет-сайттардың артуы, планшет немесе смартфон секілді қуатты, соңғы үрдістермен шығарылып жатқан қалта телефондары санының артуы, компьютерлердің күннен-күнге арзандауы, осы уақытқа дейін нарықта үстемдік құрып келген бірді-екілі компанияға бәсекелес жаңа компаниялардың, операциялық жүйелердің артуы жаңа медианың, яғни ақпараттың саналуандануы және оның бұқара халыққа оңай қолжетімді болуы, адамдарға күнделікті ақпараттар ағынын, оларды игеретін ақпараттық технологияларды игеруге бұрын-соңды болмаған деңгейде ерікті-еріксіз итермелеуде. Адамдар өз ықтиярынан тыс жаңа терминдерді үйренуде. Жаңа құрылғылармен танысуда. Бұл заман талабы. Осы орайда қайткен күнде де қандастарымызды өткен күннің жетегінде қалдырмай, заманның өзі талап етіп отырған, қазіргі жаңа технологиялар ұсынып отырған жетістіктерді тиімді де сәтті пайдалануына септесу – негізгі де басты мақсат.

Ақпараттық технологиялар – олар табиғи ресурсқа жатпайды. Бұл салада қоқыс жоқ. Бұл сала әркімге ашық. Тұтас мемлекеттің тек қана мұнай-газ секілді байлықтарға қарап отыратын кезеңі түптің түбі өтеді. Сол кезде біздің еліміз құр шикізат өндіруші ел ғана емес, өзінің жаңа технологиядағы еншісін игере алатындай болуы керек. Жастар тек қана жер астындағы дайын өнімге көз тігіп, әртүрлі геосаяси оқиғалардың құрбанына айналмай, өз күшімен жаңа технологияны игеріп, сол арқылы еліміздің инновациялық дамуына ат салысуы керек. Көп жағдайда мұндай ролдерді критикалық масса атқаратын болса, қарапайым азаматтарымыз бен оқушыларымыз, студенттеріміз жаңа технологияны өз деңгейінде, өз өмірінде еркін пайдалана алатын дәрежеге жетуі тиіс.

Ақпараттық сауатсыздықтың түбі ақпараттық бодандыққа апарып соқтырады. Журналдың келесі мақсаты – соған жол бермеу.

Әлеуметтік желілер – жасөспірімдердің мақсатсыз тірлігіне әкелуде. Еліміздегі нөмірі бірінші әлеуметтік желінің МайлРу екендігін және оның ресейлік компания екендігін ескерсек, бізге тақымымызды тағы да қысуға тура келеді.

Қазақ елі әлемдегі бірқатар мемлекеттердің өте жақсы тәжірибесінен сабақ алып, электронды үкімет жобасын қолға алып, осы таңда қыруар жұмыс атқарып жатыр. Үйден аяқ аттап баспастан өзіңе қажетті біраз тірлікті осы мемлекеттік порталдар арқылы бітіруге болады. Бұл туралы қандастарымыздың көпшілігі хабарсыз. Осы жағдайды жақсартуды, ел ішіне э-Үкімет тындырып жатқан істерді насихаттау жұмысын жүргізуді де “ІТ-тірлік” журналы өз мойнына алмақшы.

Осы айтылған-айтылмаған себептерге байланысты, “ІТ-тірлік” журналы өмірге келді. Жоспар нақты, атқарар шаруа  шаш етектен. Әлімнің келгенінше осы тірліктерді бітіруде қолға алдым. Ал, құрметті оқырмандарға айтар өтінішім – журналды қолдау болмақ.

Жетістіктерім: 2012 жылы “Атамекен” палатасы ұйымдастырған “Атамекен СтартапУикенд Атырау” жарысында бас жүлдені жеңіп алды.