Британ ғалымдары 5G ұялы байланыс стандартын әзірлеуге кірісті

0

Әлемдегі ұялы байланыс операторлары байланыстың төртінші буынын (4G) игеруді мықтап қолға ала бастады. Бұл процесс тағы да белгілі бір уақытқа созылуы мүмкін және дәл қазір байланыстың бесінші буын стандартын әзірлей бастайтын мезгіл жеткен секілді.

Сол үшін де Ұлыбританияның Суррей университеті жанынан 5G Innovation Centre лабораториясы ашылды. Ондағы инженерлер байланыстың жаңа стандартын әзірлеумен шұғылданатын болады.

Суррей университетіндегі зерттеу тобының жетекшісі профессор Рахим Тафазоллидың айтуынша, Ұлыбритания ғалымдары GSM (2G) стандарттарын жасап шығаруға көп үлес қосқанмен 3G және 4G протоколдарын құруда аса белсенділік танытпаған. Сондықтан 5G Innovation Centre құрылған. Бұл жобаға британ үкіметі 11,6 млн фунт стерлинг (шамамен 18,6 млн доллар) бөлетін болса, қалған 24 млн фунт сстерлингті (шамамен 38,7 млн доллар) жобаға қатысушы жеке компаниялар салатын болады. Олардың арасында Huawei, Samsung, Telefonica, Rohde & Schwarz, Fujitsu және т.б компаниялар бар

Жобаға қатысушылар жан-жақтан күш біріктіре отырып, бірнеше  жылдан бері Суррей университетінің ғалымдары айналысып келе жатқан 5G технологиясын әзірлеп стандарттайды.

Стандарттың алғашқы нұсқасы әрбір базалық станцияны секундына 10 Гбит жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етеді деген болжам бар. Ал әрбір клиенттің құрылғысы секундына 200 Мбит жылдамдықтағы интернетке қосылуға мүмкіндік алады.

Салынған қаржы көлемі мен әрбір қатысушының жеке мүмкіндіктері жобаны таза теория шеңберінен асырып жүзеге асыруға шамасы жетеді.

Инженерлер стандарттың соңғы нұсқасын 2020 жылы аяқтайтынын айтып отыр.

Сурет: http://www.dw.de

You might also like More from author