Әлемге танымал HP компаниясы Қазақстанда оқу-ғылыми орталық ашады

0

Мұндай орталық Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті жанынан құрылады. Қараша айының басында НР компаниясы мен аты аталған оқу орны оқу-ғылыми орталығын ашу жөнінде меморандумға қол қойды. Егер орталық құрылса, ҚазҰТУ – НР компаниясының оқу орталығы орналасқан Орталық Азиядағы екінші оқу орны болады.

Жобаның негізгі мақсаты – НР компаниясының қазіргі заманға сай оқыту бағдарламасы негізінде ҚазҰТУ оқытушылары мен студенттерінің білім-дағдыларын жетілдіру. ҚазҰТУ территориясына шоғырланатын оқу-ғылыми орталық НР компаниясының құрылғылары мен программаларымен жабдықталады. Студенттерге лекцияны университет оқытушыларымен қатар НР компаниясының мамандары (жетекші мамандар, инженерлер, ғылыми қызметкерлер) оқиды.

“Қ.И.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ – техника саласындағы жаңа буын мамандарды дайындау арқылы қоғамның интеллектуалды және кәсіпқой түрде дамуына үлесін қосып жатыр. Білім сапасын арттыру үшін өзге ұйымдар мен университеттермен әріптестік орнатуға тырысамыз. “НР-дың технологиялық институты” бағдарламасы аясында жобаны жүзеге асыру студенттеріміз бен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндік ашады. 2013 жылдың ақпан айында ақылы курстар ашуды жоспарлап отырмыз. Студенттерге НР компаниясы шығарған арнайы бағдарламалар ұсынамыз. Әрі қарай студенттеріміз НР компаниясының Қазақстандағы орталықтарында тәжірибеден өтіп қана қоймай, компанияның өзіне жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады” дейді университет ректоры Жексембек Әділов.

НР компаниясының Қазақстан және Қырғызстандағы өкілдігінің директоры Ерлан Дүйсенбин: “НР компаниясының оқыту бағдарламасын университет оқытушылары оқу бағдарламасына бейімдейді. Бұл бағдарламалар сонымен бірге оқытушыларды қайта дайындықтан өткізу және біліктілігін арттыру кезінде де қолданылады” дейді.

“НР технологиялық институт бағдарламасы 2008 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады. Бағдарлама – институты бар оқу орындарында жүзеге асыруға арналған. Бір жылдан кейін-ақ жобаның сәтті екені белгілі болып, халықаралық дәрежеге шықты. ҚазҰТУ Орталық және Шығыс Еуропа бойынша бағдарламаға қосылған 28-ші оқу орны. Бағдарлама бойынша оқу материалдарымен тиімді жұмыс жасау үшін қатысушы оқу орындары арасында өзара курс алмасу мәселесі де қарастырылған. Бұған қоса, бағдарлама аясында НР сарапшылары мен мамандарының лекциясын өткізу мен студенттерді, оқытушыларды қолдау тұрғысында өзге бағыттағы жұмыстар жоспарланған” дейді НР компаниясының Орталық және Шығыс Еуропа бойынша білім және ғылыми бағдарламаларының жетекшісі Игорь Белоусов.

You might also like More from author