Еріктілік – еріккендік емес немесе Уикипедия туралы

0

wikipediaЫқылым заманнан бері адамдар барлық ғылым саласын қамтитын білім қорын бір жерге, ыңғайлы үлгіде жинақтауға талпынған. Талпыныстың нәтижесінде өмірге энциклопедия келді. Энциклопедияның тарихы ежелгі дәуірден бастау алған дейді тарихшылар, алайда бұл сөздің кең қолданысқа енуі және біз білетін қалыпқа түсуі XVIII ғасырмен байланысты. Француз Ағартушылық дәуірінің екінші кезеңінің қайраткерлері, атап айтсақ Дидроның жасаған энциклопедиясы қоғамның дамуына үлес қосып, өзге энциклопедиялардың жарық көруіне зор әсер етті. Бүгінгі күнге дейін түрлі мазмұндағы мыңдаған энциклопедиялар жарық көріп үлгерді. Алайда қағаз бетіндегі энциклопедиялардың өмірі ақырына таяп келе жатқан сыңайлы.

Ақпараттық технологиялардың дамуы, соның ішінде Интернеттің пайда болуы өмірімізді түрлендіріп, дәстүрлі деген дүниелерге өзгеріс алып келді. Технологияның даму қарқыны сөздік құрамды да байытып, тілімізге жаңа сөздер дендей енуде. Өткен ғасырда қолданысқа енген «Электронды» сөзі қазіргі кезде кең айналымға түсіп, ақпарат алмасудың озық үлгісі, жаңа мүмкіндіктер мекені – Интернетке қатысты ұғымдарды білдіретін термин болып қалыптасып та кетті. Электронды кітап, электронды пошта, электронды үкімет, электронды қолтаңба, тіпті электронды ақша сияқты сөз тіркестері осы кезеңде кім-кімге де ұғынықты да түсінікті терминдер. Білім берудің қоғамдағы рөлі мен маңыздылығын жоғалтпаса да, білім беру әдістері мен құралдарының сандық технологиялар әсерінің нәтижесінде өзгеріске ұшырағаны шындық. Бұл өзгерістер энциклопедияларды да айналып өтпеді. Мәселен, танымал Британника энциклопедиясы бұдан былай тек қана электронды үлгіде болатын болды.

Нақтырақ айтсақ, 2012 жылдың 13 наурызында Encyclopædia Britannica деп аталатын әлемдегі ең көне энциклопедиялардың бірі араға 244 жыл салып барып, бұдан былай қағаз түрінде шықпайтындығы және тек қана мультимедиалық форматта тарайтыны хабарланды. Сөйтіп, 2010 жылы басылып шыққан “Британниканың” соңғы кітап түрі тарихқа енді.

БританникаСонымен қатар Интернеттің пайда болуы қатардағы қарапайым қолданушыларды автор деңгейіне дейін көтеруге мүмкіндік туғызды. Дәстүрлі энциклопедиялардың мазмұнына арнайы редакция жауапты болса, Википедиа атты энциклопедияның мазмұны түгелдей ерікті қолданушылардың жауапкершілігінде.

Сонымен Уикипедиа деген не?

Уикипедиа – бұл тегін, мультитілді, сағатына 5 000 000 адам қарайтын, танымалдығы жөнінен әлемде 5-ші орын алатын интернет-энциклопедия.

Уикипедиа энциклопедиясы адамзатты білім қорымен сусындатып келе жатқанына 10 жылдан асқанымен, қазақтілді аудиторияның қызығушылығын тудырта алмады. Әлемде үлкен сұранысқа бұлсервис, өкінішке орай, қазақтілді интернет пайдаланушылардың назарынан бертінге дейін тыс қалып келді. Бұл жағдайды интернетке қолжетімділік, интернет сауаттылық, ақпараттандырылу секілді дүниелермен түсіндіруге болады. Интернетке қолжетімділік жыл сайын жақсы қарқынмен артып келе жатқанын ескерсек, онда Интернетке қолжетімділік мәселесі жақын арада өз шешімін табатыны анық. Өкінішке қарай, Интернет сауаттылық пен ақпараттандырылу мәселесі күн тәртібінен түспей тұр.

Олқылықтың орнын толтыру мақсатында осыдан бір жыл бұрын Интернеттегі қазақтілді мазмұнды көбейтуді көздейтін, коммерциялық емес «WikiBilim» қоғамдық қоры құрылған болатын. Қордың бастамасымен Уикипедианың қазақша тарауын дамыту жобасы қолға алынып, ақпараттандыру мен мазмұнды көбейту жұмысы жүргізіліп келеді. Мақалалар саны 10 000 шамасында болған кезде айына қаралатын беттер саны 200 000 болатын, ал мақалалардың саны 100 000 асқан кезде бұл көрсеткіш айына 5.5 млн қаралатын бетке дейін жетті.

Бұл дегеніміз ұсыныс негізінде сұраныс пайда болып, интернет қолданушылардың арасында Уикипедиаға деген қызығушылық артқанын көрсетеді. Ендігі мақсат сол қарапайым қолданушыларды мақала жазу мен өңдеуге тарту болмақ. Уикипедиаға мақала жазу жастардың интеллектуалды хоббиіне айналдыру ұмтылысы идеясының негізінде жастардың не өзіне, не өзгеге пайдасы жоқ интернет ресурстарынан аластату жатыр. М.Дулатұлының: “Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі – тұман” – деген сөздері қай уақытта болсын өзектілігін жоғалтпақ емес. Бүгінде таңда ақпарат алмасу да, білім беру процессі де Интернетке ойысып, коммерцияланып жатқан кезде, тегін білім беру ресурстарын дамыту маңыздылығы арта түспек.

Өкінішке қарай, Интернетті тек әлеуметтік желі деп түсінетін немесе ойын-сауық мақсатында пайдаланатын қолданушылар арасында Интернеттегі білімге, ғылымға негізделген жобаларды насихаттау, дамыту оңай емес. Егер жоба Уикипедиа секілді краудсорсингке негізделген болса, онда атқарылар шаруа қиындай түседі. Соңғы тенденциялардың саралай келе, еріктілікті талап ететін жобалар көбейе түсетінін байқау қиын емес. Уикипедиамыздың дамуы бірінші кезекте қазақ тілінің білімнің, ғылымның тіліне айналуына мүдделі, ақпараттық- танымдық мәліметтерді ана тілінде оқуға және өзгелермен бөлісуге құштар ерікті азаматтардың саны мен сапасына байланысты. Қоғамда еріктілік (волонтерлік) мәдениетінің кең таралмауы салдарынан еріктілер еңбегі еріккендікке баланып жүр.

Осы орайда еріктілік еңбекке деген көзқарасты өзгертпейінше, Уикипедиа секілді краудсорсингке негізделген жобалардың жағдайы да мүшкіл болып қала бермек. Қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін IT тірлігіміздің бір бөлігін еріктілікке арнасақ екен!

Нұрбек Мәтжани, Wikibilim

You might also like More from author