Е.Нүсіпбеков: “Асар жасауды” краудсорсингтің бір үлгісі деп қарауға болады”

0

Ержан Нүсіпбеков краудсорсин туралы– Ержан мырза, сіз «KT Cloud Lab» компаниясының ақпараттық технологиялар бойынша директорысыз. Соңғы кезде ақпараттық технологияға байланысты көптеген жаңа үрдістер, жаңа сөздер пайда болып жатыр. Соның бірі «краудсорсинг» деген термин. Осының не екенін түсіндіріп жіберсеңіз.

– Краудсорсинг(crowdsourcing) сөзін ағылшын тілінен сөзбе-сөз аударғанда – топтың(жұрттың) ресурстарын пайдалану (crowd — «топ, жұрт», outsourcing – ресурстарды пайдалану). Алайда, аутсоринг түсінігімен ұқсастығына қарамастан краудсорсингтің ерекшелігі – жобаға тек сарапшылар мен білікті мамандар ғана емес, сонымен қатар елінің болашақтағы тағдырына бейжай қарамайтын, қызық идеялары мен өз ойларымен бөлісуге дайын қарапайым интернет тұтынушылардың тартылуы.

Жобаға қатысушылар өздерінің инновациялық шешімдерін ұсынып қана қоймай, сонымен қатар бір-бірінің ұсыныстарын дамытады да, жетілдіре алады. Қорыта айтқанда «краудсорсинг» — бірлесіп қызмет жасау үшін ғаламтор арқылы көптеген адамдарды белгілі бір жобаға тарту, көпшілік идеясы негізінде белгісіз тұлғалар тобына белгілі бір өндірістік қызметтерді беру. Өзіміздің қазақтардағы «асар жасауды» краудсорсингтің алғашқы бір үлгісі деп қарауға болады. Бірақ асардағы мақсат – бір-біріне жұрт болып көмектесу болса, краудсорсингтің айырмашылығы – жаңа идеяларды тауып, оны ары қарай дамыту, немесе шешімі қиынға түскен мәселерді топ арасында шешу, ғаламтор ішінен қарапайым креативті адамдарды іздестіру т.с.с.

 

– Краудсорсинг термині алғаш қалай пайда болды? Жоғарыда айтып кеткеніңіздей қарапайым интернет қолданушыларының жобаға тартылуы дедіңіз, осы қарапайым интернет қолданушылары арқылы іске асырылған әлемде қандай да бір жобалар болды ма? Бар болса солардан бір-екеуін мысал қылып айта кетсеңіз.
Краудсорсинг терминін алғаш рет 2006 жылы Джефф Хауи (ағылш. Jeff Howe) деген жазушы енгізіп отыр. Бірақ топпен жұмыс істеу тәсілі ертеден де келе жатқан мәселе болатын.
Краудсорсингтің ең қарапайым мысалы ретінде футболкаларды шығаратын “Threadless” американдық компаниясын алуға болады. Оның өкілдері апта сайын суреттің ең тамаша дизайнына кәсіпқой, және дарынды әуесқой суретшілер арасында он-лайн конкурсын жариялайды. Конкурс жеңімпаздары ақшалай сыйақы алумен қоса, футболкалардың белгісінде (логотипінде) өзінің аты жазылатынын біледі. Алайда, жобаға қатысушылар үшін бұл негізгі мақсат болмауы мүмкін. Олардың көпшілігі үшін ең бастысы – өзінің идеясының іске асқаны және оны басқалардың мойындағандығы!
Краудсорсингті қолданудың тағы бір супержетістікті мысалдарының біріне өте танымал болған Википедия жобасын да айтуға болады. Ол жобаға қалың топ, халық жұмылдырылып отыр. Әр түрлі тілде, көптеген адамдардың википедияға мақала салуы арқылы ол өзінің деректер көзін күннен-күнге көбейтіп жатыр.
Facebook әлеуметтік желісі де краудсорсинг тәсілін қолдану арқылы өз функционалын жақсартып жатыр. Өйткені, сол әлеуметтік желідегі миллиондаған адамдар Facebook-ті қалай жақсарту, қандай функционалдар қосу керектігі туралы өз ойларын жіберіп жатады. Айта берсең осы сияқты мысалдар толып жатыр.
Қорыта келгенде, осылайша краудсорсинг компаниялары штаттық қызметкерлерге жұмсалатын қаржыны үнемдейді де, жаңа шығармашылық идеялардың таусылмас көзіне жол табады.
Ғалымдарың айтуына қарағанда, краудсорсинг идеясы 21 ғасырдағы өндіріс басқару мен жоба енгізудің тиімді де жетістікті тәсілінің бірі деп саналып отыр.

– Енді Қазақстанда не болып жатыр? Ең алғашқы болып «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы «Телеком-21» жобасын жасап жатқанын естіп жатырмыз. Осы жоба туралы кеңірек тоқталып өтсеңіз.
– Дұрыс айтасың, Қазақстанда краудсорсинг жобасын алғашқы болып «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы бастап отыр. Қолда бар әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, отандық нарықта жаңа IT-жобаларын жасау және оны алға қарай дамыту үшін ғаламтор арқылы стандарттан тыс идеялары мен ұсыныстары бар белсенді, креативті адамдарды іздестіру үшін «Телеком-21» жобасы ұйымдастырылып отыр. Осы жобаны жүзеге асыру үшін инновациялық идеялар мен ұсыныстарды біріктіретін www.telecom21.kzпорталы ашылды. Яғни, “21-ғасыр телекомы” деген мағынаны білдіреді. Портал тұрақты түрде және ұзақ мерзімге жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Алдағы уақытта осы порталдың тұрақты түрде қызмет атқаруы арқылы Қазақстанда «краудсорсингті» енгізуге, сондай-ақ оның болашағынан зор үміт күттіретін салаларын біздің елде пайдалануды ұйымдастыруға болады.

– Сіздердің сайттарыңызда ашып қарасам «Ақпараттық Технологиялар жобалар конкурсы» деген сайыс бар екен. Бұл сайыстың мақсаты қандай?
Жоғарыда айтып өткеніміздей, «краудсорсинг» жобасын жүзеге асырудың алғашқы қадамы ретінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл ауқат қоры» акционерлік қоғамының қолдауы мен «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының демеушілігі арқасында «KT Cloud Lab» компаниясы ұйымдастырып отырған «Арманымызды бірге жүзеге асырамыз» атты IT-жобалардың бірінші республикалық сайысын атап өткім келіп отыр. Сайыстың негізгі мақсаты – IT-саласында болашағынан зор үміт күттіретін ең үздік жобаларды іріктеп дайындау, жобаларды іске асыру. Сонымен қоса, мүмкіншілігі мол бизнес-серіктестерді жобаға тарту, жаңа да қызықты өнімдер мен талантты да креативті адамдарды іздестіру, қызық идеяларды ұсынған және одан әрі дамытуға көп үлес қосқан үздік қатысушыларды еңбекпен қамтамасыз ету болып табылады.

– Ережелері қандай, кімдер қатыса алады, қатысушыларға қандай талаптар қойылады, тәртібі және жүлде қорлары қандай болмақ?
– Аталған сайыстың негізгі шарттары мен ережелері сол www.telecom21.kz порталында жазылған. Қысқаша айтып кетсем, сайысқа қатысушылар 18 жасқа толған іс-әрекетке қабілетті кез-келген тұлға, немесе команда болуы мүмкін. Сайысқа қатысушылар www.telecom21.kz порталына тіркеліп, өз идеясын, өздерінің ойлаған жобалары туралы ақпаратты сол порталға енгізіп, сайысқа қатыса алады. Бұл жолғы сайысқа үш жүлделі орын белгіленіп отыр. Жеңімпаздар естелік сыйлықтармен, дипломмен, планшет-компьютермен марапатталып, олардың жобасы туралы ақпарат республикалық БАҚ-құралдарында жарияланады. Басты жүлде алған жобаға Қазақтелеком тарапынан инфраструктуралық қолдау көрсетіліп, жоба жеңімпазы өз идесын жүзеге асыруға мүмкіншілік алады.

– Болашақта жобаға қатысты қандай жоспарларыңыз бар?
– Бұл жоба тек осы сайыспен шектеліп қана қалмайды, ары қарай жалғасы болады деп күтілуде. Сондықтан ғаламтор тұтынушыларына, оның ішінде қазақ жастарына ерекше айтарым, көштен қалмаңыздар! Ізденіңдер, талпыныңдар, Аллах тағала беріп тұрған мүмкіншілікті пайдаланыңдар. Әрқашанда жаңа заман талабына сай болып, көшпен бірге болыңдар, көш бастаушы болыңдар демекшімін.

Сұхбаттасқан Жандос Өмірбекұлы,

Арнайы “ІТ-тірлік” үшін

You might also like More from author