7 желтоқсан күні Астанада ІІ Интернет-форум өтеді

0

Биыл, 7 желтоқсан күні ІІ Астана интернет форумы өтеді. «Ұлттық Интернет Ассоциациясының» ұйымдастыруымен  қолға алынып жатқан бұл шара Назарбаев зияткерлік мектебінде өтеді деп жоспарлануда. Бұл жиынға елімізге танымал IT мамандары, жаңа медиа журналистері, блогшылар мен сайт жасаушылар спикер ретінде шақырылып отыр. Одан бөлек шамамен 150-200 адам көрермен ретінде қатысады деп күтілуде. Еліміздегі ақпараттық технологиялар саласын дамытып жүргендерге немесе соған қызығушылығы барларға арналған бұл форумның мақсаты – қазақша контент жасаушылармен, портал мен сайт иелерінің, жаңа өнімдерді ұсынушылардың өзара тәжірибе алмасып, ортақ жобалардың пайда болуына ықпал ету.

Форум барысында елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған ҚазНеттің І Ұлттық Интернет-сыйлығы – «Қазнет Дода» байқауының марапаттау рәсімі өтеді. ҚазНеттің І Ұлттық Интернет-сыйлығы «Ұлттық Интернет Ассоциациясының» жыл сайынғы өткізілетін конкурстық жобасы болып табылады және ҚазНеттегі үздік сайттарға, сайт жасаушыларға және Интернет пайдаланушыларға беріледі. Сондай-ақ биылғы форумда қазақ сайттарының көрмесі өтеді деп күтілуде.

Алғашқы «Астана интернет форумы» – 2012 жылы 22-23 желтоқсанында Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Мінбер» ҚҚ, «Kazakh Times» жаңа технологиялар орталығы, ГеоГебра институты, «Викибілім» және «Болашақ» қауымдастықтарының ұйымдастыруымен өткен болатын. Форумға ІТ мамандары, блоггерлер мен сайт құрастырушылар, редакторлар мен журналистер, студенттер мен мұғалімдер қатысып, «Ақпараттық қауіпсіздік», «Білім саласындағы интернет» «Бұлтты технологиялар», және «Ғаламтордағы аудармашы сайттар» тақырыптарын қозғаған болатын. Жалпы саны 150 шамасындағы қатысушылар қатарында Ерлан Қарин, Мұрат Әбенов т.б. қатысып, мұндай форумның ұйымдастырылуы қазіргі қазақ ғаламторын қалыптастырушы орта үшін өте пайдалы екенін, жан жақтан келген жас мамандардың біліктіліктерін іс тәжірибе алмасу арқылы жетілдіре түсетінін тілге тиек еткен болатын.

Биылғы форумға қатысу міндетті түрде тіркелу арқылы болады.

Тіркелудің соңғы күні 05.12.2013

Байланыс телефоны: 8 778 265 20 86 (Данияр Алан) daniyaralan@gmail.com

Астана Интернет Форумының сайты: iforum.kz

ҚазнетДода сайты: kaznetdoda.kz

You might also like More from author