Қазақ блоггерлері миллион теңге үшін жарысады

1

blogger-ittirlikИнтернеттің Қазақ секторында тың жаңалық. Ұлттық Интернет Ассоциациясы және Қазақ Софтверлік Компаниялар Ассоциациясының ұйымдастыруымен “Сапалы контентке Миллион” атты блогшылар жарысы ұйымдастырылмақшы. Бұл туралы “Мұнара.KZ” сайты хабарлады.

Қазақ блогшыларының арасындағы бұл жарыс осы жылдың, яғни 2014-тің ақпан айында басталып, жыл соңында, желтоқсан айында аяқталатын болады. Қазақ блогшыларының жыл сайынғы өткізіп жүрген, дәстүрлі БлогҚұрылтай шарасының биылғы кездесуіне дейін осы жарыстың негізгі яғни іріктеу кезеңі өтпекші. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәл БлогҚұрытай кезінде жарыстың негізгі бөлігіне қатысатын 32 блогшы іріктеу кезеңіне қатысқандар ішінен анықталатын болады. “МұнараKZ” сайтындағы мәліметте, “Әр апта бір тур өтетін жарыста ұйымдастырушылар тарапынан аптаның тақырыбы беріліп, қатысушылар өз блогтарында осы тақырыптарда жазбалар жазады. Әділ қазылар құрамы әр апта жазбаларға баға беріп, үздіктерді анықтап отырады. Жыл бойы өтетін байқаудың ақтық кезеңіне 4 финалист қалып, жыл үздігін анықтайды. Жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталып, 1-ші орын алған блогер кәсіпкер Азаматхан Әміртайдың қолынан 1 миллион теңге жүлде алады. Әр айдың үздік 10 блогшысы да ай сайын қаржылай марапатталатын болады” делінген.

Қазақ интернетінің орыс тілді секторында да бұрын-соңды болмаған бұл жарыс қазақша контенттің еселеніп артуына және сапалы түрге ие болуына жол ашады деген ойдағы ұйымдастырушылар мұндай жоба қазақ блогосферасының дүмпуін туғызады деген ойда. “IT-тірлік” журналы да осындай сеніммен қатысушыларға сәттілік тілейді. Сондай-ақ, біз бұл жарыстың анық-қанығы мен өту барысын жіті назарда ұстап, қандай да болса жаңалықтарды оқырмандар назарына ұсынып отырмақ.

 

You might also like More from author