Стив Джобстың Стэнфорд түлектеріне айтқан сөзі

0

Apple компаниясының құрушысы әрі басшысы болған Стив Джобстың Стэнфорд түлектеріне айтқан сөзі:

«Әлемдегі ең озық университеттердің бірінің диплом тапсыру салтанатында сіздермен бірге болу – мен үшін үлкен мәртебе. Мен институт бітірген жоқпын. Сіздерге бүгін өз өмірімнен алған үш жағдайды баяндап берейін. Бар болғаны осы. Керемет ешнәрсе жоқ. Қарапайым ғана үш оқиға. Бірінші оқиға – нүктелерді байланыстыру туралы. Мен Reed College-ді алты ай оқудан кейін тастап кеттім, алайда колледжден толық кеткенше, онда тағы 18 ай «қонақ» болып жүрдім. Оқуымды тастауға не түрткі болды? Бәрі мен дүниеге келмей тұрып басталыпты. Биологиялық анам мені асырап алуға бергенде жас аспирант болған екен. Ол мені жоғары білімді адамдардың асырауға алуын талап етіпті, сондықтан да мені заңгер мен оның әйелі бағып–қағуға алған. Мен өмірге келерден сәл бұрын олар өздеріне қыз бала керек екенін айтыпты. «Ұл бала дүниеге келді, аласыз ба?» деп хабарласқанда, олар «Әрине», – деп жауап беріпті. Кейін дүниеге әкелген анам мені асырап алған анамның колледж түлегі емес екенін, ал әкемнің мектеп бітірмегенін біледі. Біледі де, бала асырап алу туралы қағазға қол қоймайды. Тек асырап алған ата-анам мені міндетті түрде колледжге оқытатыны туралы уәде беріп қана бірнеше айдан кейін келісімге келеді.

Арада 17 жыл өткенде оқуға бардым. Мен Стэнфорд секілді қымбат колледжді таңдадым, сөйтіп ата-анамның бар жиған-терген қаржысы сол оқуға дайындыққа жұмсалды. Алты айдан соң, оқудан еш мән көрмедім. Мен өмірімде нені қалайтынымды білмедім және оны түсінуге колледждің қалай көмектесерін де түсінбедім. Осылайша, ата-анамның өмір бойы жиған ақшасын құр шашыппын. Сөйтіп колледжі тастап кеттім, бәрі жақсы болады дегенге сенгім келді. Алғашында сескендім, ал қазір өткенге көз жүгірте отырып, осы шешімнің өмірімдегі ең жақсы шешім болғанын түсінемін. Бәрі бірден жақсы бола қоймады. Жатақханада бөлмем болмады, сондықтан достарымның бөлмелерінде еденде ұйықтап жүрдім. Тамақ алу үшін «Коланың» бөтелкелерін 5 центке өткізіп жүрдім. Сіздерге бір мысал: Reed College каллиграфия бойынша өте жақсы сабақтар ұсынатын. Кампус бойынша әрбір постер, әрбір белгі каллиграфиялық түрде қолмен жазылатын. Мен сабақтан шығып кеткесін және күнделікті сабаққа қатыспаған соң, каллиграфия бойынша сабаққа жазылдым. Serif және sans serif туралы, әріптер комбинациясындағы әртүрлі аралықтар туралы, баспаны ненің көркем ететіні туралы білдім. Ол ғылымның өзі түсіне алмайтындай әдемі, тарихи, шебер еді. Менің өміріме осылардың ешқайсысы пайдалы болып көрінбеді.

Бірақ араға он жыл салып, біз алғашқы «Макинтошты» жасағанда, оның пайдасы тиді. Және «Мак» әдемі типографикасы бар алғашқы компьютер болды. Егер мен колледжегі сол курстарға жазылмаған болсам, бәлкім «Макта» бірнеше гарнитура мен қаріптер болмас па еді? Ал Windows-тің «Макқа» қарап жасағанын айтсақ, дербес компьютерлерде бәлкім мұндай нәрсе болмас па еді. Оқудан шығып қалып, каллиграфия курсына жазылмағанымда, қазіргідей әдемі типографикасы бар компьютерлер бәлкім болмас еді… Әрине, мен колледже жүргенімде барлық нүктелерді бір жерге қосу мүмкін емес еді. Бірақ арада он жыл өткенде бәрі анық. Сіз алға қарап нүктелерді қоса алмайсыз, тек өткеніңізге қарап қана өмірлік байланыстарды көруге болады. Сізге өз тағдырыңызға, мінезіңізге, өміріңіз бен қалтаңыздың біріне себеп ретінде иек арту керек. Әр шаруаға осы жағынан келу мені ұятқа қалдырмады және өмірімді өзгертті. Менің екінші оқиғам – махаббат пен шығын туралы. Менің жолым болды: өмірде өзімнің сүйікті ісіммен ертерек айналыса бастадым. Apple-ді менің ата-анамның гаражында 20 жасымда Woz екеуміз құрдық. Біз өте көп еңбектендік, араға он жыл салып, Apple гараждағы 2 адамнан 4000 қызметкері бар $2 миллиардтық бюджеті бар компанияға айналды. 30 жасымда ең жақсы өніміміз – «Макинтошты» шығардық. Сосын мені жұмыстан шығарып жіберді.

Өзіңіз негізін қалаған компаниядан сізді қалай шығарып жібере алады деп ойлауыңыз мүмкін. Apple-дің өсуімен, компанияны басқаруға маған көмектесу үшін біз талантты адамдарды қызметке алдық, алғашқы бес жылда бәрі жақсы жүріп жатты. Кейін біздің болашақ туралы көзқарасымыз түйіспей, соңында ұрысып қалдық. Директорлар Кеңесі оның жағына өтіп кетті. Сондықтан 30 жасымда жұмыстан шеттетілдім. Жұрттың көзінше. Бірнеше ай бойы не істеу керегін білмедім. Мен кәсіпкерлердің өткен буынын ұятқа қалдырдым, олар маған сеніп табыстаған эстафета таяғын түсіріп алғанымды сезіндім.

David Packard пен Bob Noyce-пен жолығып, өз ісіме кешірім сұрағым да келді. Ел алдында масқарам шығар еді, жұрт көзіне көрінбей алысқа кетуді де ойладым. Бірақ маған біртіндеп бір нәрсе анық бола бастады: мен өзім айналысқан ісімді жақсы көреді екем! Apple-дегі оқиға жағдайды сәл ғана өзгертіпті. Мен шеттетілдім, бірақ жұмысымды жақсы көрдім. Сөйтіп, бәрін басынан бастау керек деп шештім. Қазір қарап отырсам, Apple-дан қуылуымның да қайыры бар екен, бірақ мұны ол кезде түсіне қоймадым. Табысты адамның жауапкершілігі ісін енді бастап келе жатқан, сенімсіздеу адамның жауапкершілігіне ауысты. Мен жеңілдеп қалдым және өз өмірімнің ең бір креативті кезеңіне ендім. Содан кейінгі бес жылда NeXT және Pixar компанияларын құрдым, болашақ әйелімді таптым. Pixar ең алғашқы Toy Story аталған компьютерлік анимациялық фильм жасады, қазір ол әлемдегі ең табысты анимациялық студиялардың бірі.

Таңқаларлық оқиға болды, Apple NeXT компаниясын сатып алды да, мен Applе-ге қайта оралдым. NeXT-те жасалған технология Apple-дің қазіргі қайта жаңғыруының өзегі болды. Лоренмен жарасымды жұп болдық. Егер мені Applе-ден шеттетпегенде, бәлкім осы оқиғалардың бірі де болмас па еді. Дәрі өте ащы, бірақ науқасқа көмегі тиеді. Сенімді жоғалтпау керек екен. Маған өз ісімді жалғастыра беруге көмектескен нәрсе – өз ісіме деген сүйіспеншілігім еді деп айта аламын. Сіздерге өздеріңізге ұнайтын істі тауып алу керек. Бұл іске де, жеке отбасылық өмірге де қатысты қағида. Ірі істерді жасаудың бір ғана әдісі – өз шаруаңды жақсы көру. Егер сіз өз жолыңызды таппаған болсаңыз, іздеңіз. Тежелмеңіз. Жүрекпен шешілетін істер секілді, мұнда да тапқаныңызды сезесіз. Және кез келген жақсы қатынас тәрізді, ол да жылдан жылға жақсара береді. Тоқтаусыз, тапқанша іздене беріңіз.

Үшінші оқиғам – өлім туралы. 17 жасымда «Егер сіз әр күніңізді өміріңіздің соңғы сәтіндей етіп өткізсеңіз, бір күні оның шындық екеніне көз жеткізесіз» деген сөзді оқығаным бар. Осы сөз маған өте үлкен әсер қалдырды және содан бері 33 жыл өтті, күн сайын айнаға қарап мына сөздерді айтамын: «Егер мына күн менің өмірімдегі соңғы күн болса, онда бүгінге жоспарлаған шаруаны жасар ма едің?». Жауабым бірнеше күн бойы «Жоқ» деп жалғасса, бір нәрсені өзгерту керек екендігін түсінемін. Жақын қалған өлім туралы ойлау – өз өмірімде күрделі шешімдер қабылдаудағы маңызды құрал. Себебі, өлімнен өзгесі – өзгенің пікірі, тәкаппарлық, абыржу мен сәтсіздіктерден қорқу, бәрі-бәрі өлімнің жанында түк те емес. Өлім туралы ойлау – ең маңызды нәрселерді ғана қалдырады, бірнәрсе жоғалтып алам деген ойдан құтылудың жолы. Бір жыл бұрын маған рак диагнозын қойды. Таңғы 7:30-да рентген қағазы келді және ол ұйқы безіндегі ісікті анық көрсетіп берді. Мен тіпті ұйқы безінің не екенін де білмедім. Дәрігерлер бұл рак түрінің емделмейтінін және маған 3-6 ай ғана өмір сүретін уақытым қалғанын айтты. Дәрігерім үйге барып, шаруаларды реттеуге кеңес берді (өлімге әзірлену деген сөз). Бұл деген – өз балаларыңа алдағы 10 жылда айтатын сөзіңді бір демде айтуға тырысу деген сөз. Бұл деген – отбасыңа жеңіл болу үшін бар шаруаның дұрыстығына көз жеткізу деген сөз. Бұл деген – қоштасу деген сөз. Мен бұл диагнозбен күні бойы жүрдім. Кешке маған биопсия жасап, тамағыма эндоскоп тығыпты, асқазаным мен ішектерім арқылы өтіп, ұйқы безіне ине тығып, ісіктен бірнеше жасуша алыпты.

Мен наркоздың әсерінде едім, әйеліме жасушаны микроскоп арқылы қараған дәрігерлер менің рагым өте сирек ұшырасатын, отамен емдеуге болатын түрі екенін айтыпты. Ота жасалды, қазір бәрі қалыпты. Өлімге жақын келген мен енді мына сөздерді сеніммен айта аламын: «Ешкімнің де өлгісі келмейді. Бірақ қалай болса да, бәріміз үшін өлім – бір аялдама. Өлім – өзгерудің себебі. Одан ешкім ешқашан құтылып көрген емес. Ол «ескінің» «жаңаруына» жол ашады. Қазір сіз «жаңасыз», бірақ бір сәтте (оған көп те қалған жоқ) сіз өмірден өтесіз. Кешіріңіздер, бірақ шындық осы. Сіздің уақытыңыз шектеулі, сондықтан оны өзгенің өмірі үшін жұмсамаңыз. Өзгелердің ой, көзқарасымен өмір сүру туралы догманың қақпанына түсіп қалмаңыз. Өзгелердің пікірі сіздің ұстанымыңызды жеңіп кетуіне жол бермеңіз. Өз жүрегіңіз бен түйсігіңізге сенім артатындай жігерлі болыңыз. Қалғандары – өткінші нәрсе. Жас күнімде The Whole Earth Catalog (Бүкіл Жердің катологы) кітабын оқып таң қалғам. Оны Stewart Brand есімді Menlo Park тұрғыны жазған екен. Бұл алпысыншы жылдардың аяғы еді, ол кезде дербес компьютерлер жоқ еді, сондықтан ол жазба машинасы, қайшы мен поларойд арқылы жасалған. Google-ға дейінгі 35 жыл бұрын, Google-дың қағаз формасы секілді дүние. Steward пен оның командасы The Whole Earth Catalog кітабының бірнеше сериясын шығарды, жетпісінші жылдары соңғы саны жарық көрді. Соның соңғы бетінде, таңғы жолдың суреті болды. Оның астында «Аш болып қалыңыздар. Албырт болып қалыңыздар» деп жазу болды. Менің де сіздерге айтарым осы. Аш болып қалыңыздар. Албырт болып қалыңыздар”.

Стив Джобстың Стэнфорд түлектеріне айтқан сөзі видео күйінде де беріліп отыр.

Аударған – Рахат ЖАҚСЫБАЙ (www.jaqsy.kz)

You might also like More from author